Қазақстанда көлік құралын басқаратын әрбір азамат пен ұйым өзге адамдардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне тигізуі мүмкін зияны үшін жауапты. Осы себепті көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру заңмен талап етіледі. Бұл талап жүргізушінің ғана емес, зардап шегушінің де құқығын қорғауға бағытталған қаржылық қауіпсіздік тетігі болып табылады.
Міндетті сақтандыруға жататын көлік түрлері
Заң талабы бойынша, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органда тіркелген немесе мемлекеттік тіркеуге жататын бірқатар көлік түрлерінің иелері міндетті сақтандыру шартын жасасуы тиіс. Олардың қатарына мыналар кіреді:
- жеңіл және жүк автомобильдері, автобустар мен шағын автобустар, сондай-ақ солардың негізінде жасалған техника түрлері;
- мотокөліктер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер;
- трамвайлар мен троллейбустар;
- заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер жалға беретін электр самокаттар.
Сонымен қатар еліміздің аумағына уақытша кірген көліктер де міндетті сақтандыру аясына кіреді. Егер көлік құралы жасаушы зауыттан, сауда немесе жөндеу орындарынан, кедендік бақылау мекемелерінен тіркеу орнына өз жүрісімен жеткізіліп жатса, сақтандыру полисі талап етіледі. Мұндай ереже көлік иесінің тұрғылықты жері немесе меншік құқығы ауысып, есептен шығарылған жағдайда да қолданылады.
Әрбір көлікке жеке полис және ерікті сақтандыру айырмасы
Көлік иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі ол пайдаланатын әрбір техника бірлігі бойынша жеке сақтандырылады. Бірнеше көлігі бар азамат немесе автопарк ұстайтын мекеме олардың әрқайсысына сақтандыруды бөлек ресімдеуге міндетті.
Тағы бір ескеретін жайт — ерікті сақтандыру шарты міндетті сақтандыруды алмастыра алмайды. Көлік иесі қосымша ерікті полис рәсімдеген күннің өзінде, заңмен бекітілген міндетті сақтандыру шартын жасасудан босатылмайды.
Кімдер және қай жағдайда шарт жасасуға міндетті емес?
Заңнамада міндетті полис рәсімдеуден босатылатын нақты жағдайлар көрсетілген:
- шет мемлекетте тіркеліп, Қазақстанмен арадағы халықаралық шартқа сәйкес сақтандыруы елімізде танылатын шетелдік көліктер Қазақстан аумағына кірген кезде;
- мемлекеттік тіркеуге және есепке алуға жатпайтын көлік құралдары (трамвайлар мен троллейбустарды қоспағанда және олар халықаралық қозғалыста болмаса);
- қызметтік немесе еңбек міндеттерін атқару барысында, сондай-ақ көлік иесінің қатысуымен және оның ерік білдіруі негізінде көлікті айдап келе жатқан жалдамалы немесе сенім білдірілген жүргізушілер.
Соңғы жағдайда жауапкершілікті сақтандыру міндеті жүргізушіге емес, көліктің негізгі иесіне жүктеледі.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі