Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтары шектелген немесе тергеу заңсыз әрекет жасаған жағдайда, оған қарсы құқықтық қорғану тетіктері көзделген. Қылмыстық-процестік кодекстің 105-бабы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін тұлғалардың, тергеу бөлімі мен анықтау органы бастықтарының, сондай-ақ қадағалаушы прокурордың әрекеттеріне немесе шешімдеріне жүгіну жолын реттейді. Тергеу органдары мен прокурор әрекеттеріне берілген шағымдарды қарау тәртібі заң бойынша кімге жүгіну керектігін және өтініштің қаралу мерзімін нақты анықтап береді.
Шағымды кімге және қай сатыға жолдау қажет?
Өз мүддесін немесе өзі сенім білдірген тұлғалардың құқығын қорғайтын әрбір адам тергеу әрекеттеріне шағым беруге құқылы. Бұл ретте лауазымдық саты қатаң сақталуы шарт:
- Тергеуші немесе анықтаушы әрекетіне: шағым тергеу бөлімінің бастығына, анықтау органының басшысына, прокурорға немесе сотқа жолданады. Егер шағым тікелей істі жүргізуші тергеушінің өзіне тапсырылса, ол құжатты өзінің түсіндірмелерімен бірге басшысына дереу жіберуге міндетті;
- Тергеу бөлімі немесе анықтау органы бастығының әрекетіне: шағым тиісті прокурорға беріледі. Басшы өз әрекетіне түскен шағымды өз түсіндірмесімен бірге прокурорға кідіртпей жолдайды;
- Прокурордың әрекеттері мен шешімдеріне: шағым бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған прокурорға жолданады;
- Кодекстің 106-бабында көрсетілген мәселелер бойынша: шағым тікелей сотқа беріледі.
Заң талабы бойынша шағымды қабылдаудан және оны тіркеуден бас тартуға мүлдем жол берілмейді. Мұндай заңсыз әрекет лауазымды тұлғаны жауаптылыққа тартуға негіз болады. Сонымен бірге қылмыстық істің мәні бойынша түскен барлық шағым, оған берілген ресми жауап пен қарау нәтижесі іс материалдарына міндетті түрде қоса тігіледі.
Шағымдарды қарау мерзімдері
Прокурор, тергеу бөлімінің немесе анықтау органының басшысы түскен өтінішті алған кезден бастап жеті тәулік ішінде қарап, қабылданған шешімді азаматқа хабарлауы тиіс.
Алайда адам құқығын түбегейлі шектейтін немесе жедел араласуды талап ететін жағдайлар бойынша қысқартылған мерзім белгіленген. Атап айтқанда:
- ұстап алу;
- күдікті деп тану немесе іс-әрекетін саралау;
- қызметінен (лауазымынан) шеттету;
- санкцияланбаған тінту, қарап-тексеру немесе алу амалдарын жүргізу;
- мүлікке билік етуді шектеу немесе операцияларды тоқтата тұру.
Мұндай заң бұзушылықтар туралы түскен шағымдар үш тәулік ішінде қаралуға жатады. Егер мән-жайды тексеру үшін қосымша құжаттар алдыру немесе өзге шаралар жүргізу қажет болса, азаматқа ескертіле отырып, мерзім айрықша жағдайларда он бес тәулікке дейін созылуы мүмкін.
Шағым бойынша қандай шешім қабылданады?
Тексеру нәтижесінде тергеу немесе анықтау бөлімінің бастығы өз құзыретіндегі тергеушіге міндетті нұсқау бере алады, сондай-ақ прокурор алдында күмәнді шешімнің күшін жою туралы өтінішхат қоя алады.
Уәкілетті тұлғалар шағымды толық немесе ішінара қанағаттандырып, шағым жасалған шешімнің күшін жояды не өзгертеді, болмаса шағымнан бас тартады. Бас тарту міндетті түрде дәлелді әрі уәжді болуы шарт. Ең маңызды құқықтық кепілдік — бұрын шығарылған шешім шағымданған азаматтың жағдайын одан әрі нашарлататындай етіп өзгертілмейді. Сонымен қатар азаматқа қабылданған шешіммен бірге оған әрі қарай қай органга шағым жасауға болатыны түсіндірілуі тиіс.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі