Азаматтар мен ұйымдар сотта немесе мемлекеттік органдарда өз құқығын қорғау үшін көбіне заң консультанттарының көмегіне жүгінеді. Мұндай маманның өкілеттігі заңмен нақты шектелген: оның сенім білдірушінің атынан әрекет ету құқығымен қатар, қатаң кәсіби міндеттері мен жауапкершілігі бар.
Өкіл ретінде заң консультанты не істей алады?
Сотта және өзге де ұйымдарда сенім білдірушінің мүддесін білдіру үшін заң консультанты міндетті түрде заң консультанттары палатасының мүшесі болуға тиіс. Өкіл ретінде ол көмек сұраған тұлғаның құқығын қорғау мақсатында мынадай әрекеттерді жүзеге асырады:
- соттарда, мемлекеттік және өзге де органдар мен ұйымдарда клиент мүддесін қорғау;
- мемлекеттік органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан және ұйымдардан іске қажетті мәліметтерді сұратып алу;
- қажетті нақты деректерді заң аясында өз бетінше жинап, оларды тиісті органдар мен лауазымды адамдарға ұсыну;
- іс материалдарымен, сот құжаттарымен толық танысып, ондағы ақпаратты заңға қайшы келмейтін тәсілдермен көшіріп немесе жазып алу;
- арнайы ғылыми, техникалық немесе өзге де кәсіби білімді талап ететін сұрақтар бойынша мамандардан шарт негізінде қорытынды сұрату;
- клиенттің құқығын шектейтін шешімдер мен әрекеттерге шағым түсіру, өтінішхаттар мәлімдеу;
- тараптар арасында татуластыру рәсімдерін жүргізу және кешенді әлеуметтік білікті заң көмегін ұсыну;
- азаматтардың жолданымдары бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған жағдайда олардың мүддесін білдіру.
Қызметті рәсімдеу және консультанттың міндеттері
Білікті заң көмегі міндетті түрде жазбаша шарт негізінде көрсетіледі. Егер консультант жеке тәжірибемен айналысса, шартты өзінің атынан бекітеді. Ал заңды тұлғада еңбек шартымен жұмыс істесе, шарт сол ұйым мен клиент арасында жасалады.
Маманның негізгі міндеттері мен кәсіби жауапкершілігі:
- заңнама талаптарын, кәсіптік әдеп нормаларын сақтау және өз біліктілігін ұдайы арттырып отыру;
- кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруды қамтамасыз ету;
- клиенттің талабы бойынша палата мүшелігін растайтын тізілімнен үзінді-көшірмені және сақтандыру шартының көшірмесін көрсету;
- сенім білдірушіден алынған құжаттардың бүтіндігін қамтамасыз ету және пайдаланылған құжат көшірмелерін клиент талабымен үш жыл бойы сақтау;
- көмек көрсетуге қандай да бір кедергі туындаса, бұл туралы клиентке дер кезінде ескерту.
Егер консультант ұйым атынан еңбек шартымен жұмыс істесе, құжаттарды сақтау, сақтандыру шартын көрсету, кедергілер туралы ескерту және құпиялылық келісімін жасасу сияқты міндеттер сол заңды тұлғаға жүктеледі.
Заң бойынша қандай әрекеттерге тыйым салынады?
Заң консультанты сенім білдірушінің жағдайын нашарлататын құқықтық ұстаным ұстануға немесе өз өкілеттігін клиентке нұқсан келтіретіндей пайдалануға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ консультант пен клиенттің немесе оның жақын туыстарының арасында мүдделер қақтығысы анықталса, маман көмек көрсетуден бірден бас тартуға міндетті.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі