Біреудің мүлкін тікелей иемденіп кетпесе де, алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы оның заңды иесіне залал келтіру қылмыстық жауапкершілікке соқтырады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 195-бабы осындай әрекеттердің шегі мен жаза түрлерін нақты реттейді. Бұл норманың басты талабы — іс-әрекетте тікелей жымқыру белгілері болмаған жағдайда меншік иесіне немесе өзге иеленушіге материалдық шығын келтірілуі.
Жымқыру белгісі болмаған кездегі залалдың сипаты
Көп жағдайда бұл санаттағы құқық бұзушылық мүлікті қолды ету емес, төленуге тиісті қаражаттан жалтару, қызметтерді заңсыз пайдалану немесе жалған мәлімет беріп меншік иесінің кірісінен айыру түрінде көрініс табады. Яғни, мүлік ұрланбағанымен, жәбірленуші нақты мүліктік зиян шегеді.
Баптың бірінші бөлігіне сәйкес, аталған әрекет үшін келесі жаза түрлері қарастырылған:
- 160 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары;
- 160 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту;
- 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу.
Егер бұл әрекет бірнеше рет жасалса, екінші бөлік бойынша жауапкершілік күшейіп, 200 АЕК-ке дейін айыппұл, сол көлемдегі түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамақ жазасы қолданылуы мүмкін.
Ауырлататын мән-жайлар: сөз байласу және цифрлық тәсілдер
Заң шығарушы алдау арқылы зиян келтірудің тәсілі мен қатысушылар құрамына қарай жазаны қатаңдатады. 195-баптың үшінші бөлігінде келесі белгілер көрсетілген:
- адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалуы;
- адамның өзінің қызмет бабын пайдалануы;
- ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісімен берілетін ақпаратты өзгерту арқылы жүзеге асуы.
Мұндай жағдайда кінәлі тұлғаға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін айыра отырып немесе онсыз, 2000 АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар салынады. Сонымен қатар екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру шарасы қолданылуы мүмкін.
Қылмыстық топ және аса ірі залал салдары
Егер құқыққа қайшы әрекет қылмыстық топ құрамында жасалса немесе жәбірленушіге ірі залал келтірсе, жаза мүлкі тәркіленіп не онсыз, белгілі қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейін айырумен бірге, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не бас бостандығынан айыруды көздейді.
Ал іс-әрекет аса ірі залал келтіруге әкеп соқса, 195-баптың бесінші бөлігі бойынша жауапкершілік анағұрлым қатаң: мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару не қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейін айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Егер бұл қылмыс қызмет бабын пайдалану арқылы жасалса, сот тұлғаны тиісті лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруға міндетті.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі