Жол-көлік оқиғасына тап болып, денсаулығына немесе көлігіне залал келген адам сақтандыру жүйесінде әлсіз тарап болып қалмауы керек. «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңның 18-бабы жәбірленушіге өз құқығын қорғауға және келтірілген шығынды өндіріп алуға нақты өкілеттіктер береді.
Оқиғаны хабарлау және құжаттарды өткізу
Көлік апаты орын алғанда көбіне кінәлі жүргізушінің әрекетсіздігі жәбірленушіге қосымша кедергі туғызады. Заң бойынша жәбірленушінің оқиға туралы сақтандырушыға тікелей өзі хабарлауға толық құқығы бар. Бұл ретте кінәлі тараптың өтініш беруін немесе сақтандыру компаниясына баруын күтіп отырудың қажеті жоқ.
Сонымен қатар жәбірленуші сақтанушының орнына сақтандыру төлемін алуға қажетті құжаттарды өзі жинап, сақтандырушыға табыстай алады. Мұндай тетік істің созылып кетпеуін және сақтандыру рәсімдерінің дер кезінде басталуын қамтамасыз етеді.
Медициналық көмек және сақтандыру полисін тексеру
Денсаулыққа зиян келген жағдайда жәбірленуші кез келген медициналық мекеменің қызметін пайдалануға құқылы. Заң бойынша емдеу орнын таңдауға шектеу қойылмайды.
Кінәлі тұлғаның сақтандыру шарты бар-жоғын анықтау үшін жәбірленуші екі түрлі жолмен жазбаша өтініш бере алады:
- Зиян келтіруге кінәлі тұлғаның сақтандырушысына хабарласып, оның міндетті сақтандыру шарты бар екенін растайтын мәліметтерді (сақтанушының аты-жөні, көліктің мемлекеттік нөмірі, шарттың нөмірі мен жасалған күні) сұрату;
- Сақтандыру оқиғасын растайтын құжат болған жағдайда, дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға кінәлі тараптың сақтандыру шарты бар не жоқ екендігі туралы ақпаратты беруді сұрап жазбаша жүгіну.
Шығын мөлшерімен танысу және төлемді талап ету
Сақтандырушы жүргізген зерттеу нәтижесі жәбірленушіден жасырын қалмауы тиіс. Ол келтірілген зиян мөлшерін айқындау есебімен және есептелген сақтандыру төлемінің сомасымен толық танысуға құқылы.
Заңда белгіленген тәртіппен сақтандыру төлемін алу және келтірілген зиянды өтету — жәбірленушінің негізгі талабы. Бұл құқықтар заңда көзделген реттерде жәбірленушінің өзіне ғана емес, оның орнына пайда алушы ретінде әрекет ететін өзге тұлғаларға да өтеді.
Дауларды шешу және жетпеген соманы өндіріп алу
Егер сақтандыру шартынан туындайтын мәселелер бойынша түсінбеушілік туындаса, жәбірленуші заң талаптарын ескере отырып, сақтандырушыға, сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жүгіне алады. Өтініш пен тиісті құжаттарды сақтандыру омбудсманына тікелей, оның ішінде интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы мен оның филиалы, өкілдігі арқылы жолдауға рұқсат етілген.
Практикада жиі кездесетін жағдай — сақтандыру төлемі көлікке немесе денсаулыққа келген нақты шығынды толық жаппай қалуы мүмкін. Ондай кезде жәбірленуші сақтандыру төлемінен асып кеткен шығын сомасын көлік құралының иесінен өндіріп алу туралы талап қоюға толық құқылы.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі