Құрылыс саласында тапсырыс беруші тек қаржыландырушы тарап қана емес, бүкіл құрылыс процесінің заңдылығы мен қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін негізгі қатысушы болып саналады. Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің 117-бабы тапсырыс берушінің өкілеттіктерін нақтылап, оған жұмыс сапасын қадағалау құқығын бере отырып, объектіні жобалаудан бастап пайдалануға бергенге дейінгі қатаң талаптарды жүктейді.
Бұл нормалар мердігерлік ұйымдармен қарым-қатынасты реттеп қана қоймай, салынып жатқан ғимараттардың сапасы мен болашақ тұрғындардың мүддесін қорғауға бағытталған.
Жұмыс сапасын қадағалау және құжаттарды тексеру құқықтары
Тапсырыс беруші құрылыстың барлық кезеңінде жұмыстың орындалу барысын, мерзімін және сапасын бақылауға құқылы. Егер мердігер шартты, бекітілген жобаны немесе мемлекеттік нормативтік құжаттарды бұзып жұмыс істесе, тапсырыс беруші оны қабылдаудан бас тарта алады.
Сонымен бірге тапсырыс беруші мынадай құқықтарды пайдаланады:
- техникалық қадағалауды, авторлық сүйемелдеуді немесе жобаны басқаратын аккредиттелген инжинирингтік ұйымдардың жұмысын тексеру;
- қадағалаушы немесе инжинирингтік қызметтер ұсынған құжаттарда сәйкессіздіктер анықталса, оларды қабылдаудан бас тарту;
- құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама берген кезде «бір терезе» порталы арқылы объектіге барудың жоспар-графигін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органымен келісе отырып ұсыну.
Құрылыс басталғанға дейінгі және жұмыс барысындағы міндеттер
Құрылысты бастау үшін тапсырыс беруші мердігерге бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманы табыстап, заңнамада көзделген барлық рұқсат қағаздарын алуға міндетті. Сондай-ақ жұмыстың техникалық және авторлық қадағалаумен немесе инжинирингтік қызметтің сүйемелдеуімен жүргізілуін қамтамасыз етуі тиіс.
Бұдан бөлек, тапсырыс беруші қадағалаушы тұлғаларға жұмыс жағдайын жасап, мемлекеттік бақылау органдарының нұсқамаларын орындауға жауапты. Егер мердігер бақылаушылардың талаптарын орындамаса немесе сапасыз орындаса, тапсырыс беруші оған шара қолдануға, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдарының құрылыс алаңына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге міндетті. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлық жүйесіне жобалау алдындағы, жобалау құжаттары мен топографиялық, геодезиялық ізденіс материалдарын тіркеу де тапсырыс берушінің мойнында.
Объектіні пайдалануға бергеннен кейінгі нақты мерзімдер мен жауапкершілік
Ғимарат салынғаннан кейін тапсырыс берушінің міндеті тоқтамайды. Заң бойынша орындалуы тиіс негізгі талаптар мыналар:
- 3 жұмыс күні ішінде: құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау актісі бекітілген күннен бастап осы актіні, өрт қауіпсіздігі қорытындысын, сәйкестік декларациясын және геодезиялық түсірілім құжаттарын «Азаматтарға арналған үкіметке» тапсыру;
- Пәтерлерді сату басталғанға дейін: көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлерін, тұрғын емес үй-жайларын немесе автотұрақтарын жеке меншікке сатуды бастамас бұрын үйді мемлекеттік тіркеуден өткізу және ортақ мүлкінің тізбесін жасай отырып кондоминиумды тіркеу;
- 6 ай ішінде: нысан тіркелгеннен кейін жобаға сәйкес салынған сыртқы инженерлік желілер мен құрылысжайларды коммуналдық меншікке өтеусіз өткізу;
- Өз қаражаты есебінен: жер учаскесін көппәтерлі үйдің немесе құрылыс объектісінің ортақ мүлкі құрамына енгізуді қамтамасыз ету.
Құрылыс барысындағы бұл талаптарды сақтау тапсырыс берушіні заңдық тәуекелдерден сақтап, объектінің сапалы әрі заңды пайдалануға берілуіне кепілдік береді.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі