Жолға шыққан әрбір көлік өзге қозғалыс қатысушылары үшін қауіп төндірмеуге тиіс. «Жол жүрісі туралы» заңның 49-бабына сәйкес, автокөліктің техникалық жай-күйі мен жабдықталуы жол жүрісі қауіпсіздігіне тікелей сай келуі шарт. Бұл ортақ ереже ғана емес, көлікті тізгіндеген әрбір жүргізуші мен оның ресми иесі қатаң сақтауға тиіс нақты құқықтық міндет.
Көліктің техникалық жағдайы кімнің жауапкершілігінде?
Заң көлік құралын техникалық жарамды күйде ұстау міндетін тікелей оның иесіне жүктейді. Демек, машинаның ақауынан туындаған кез келген оқыс оқиға үшін ең алдымен көлік иесінің жауапкершілігі қарастырылады.
Қозғалысқа қатысатын кез келген көліктің конструкциясы мен жабдықтары мынадай негізгі талаптарды қамтамасыз етуге міндетті:
- көлікте тежегіш жүйесінің, рульмен басқарудың, артқы көрініс айналарының, дыбыс сигналының, шассидің және сыртқы жарық беру аспаптарының міндетті түрде болуы әрі жұмыс істеуі;
- жүргізушіге қауіпсіз басқаруға мүмкіндік беретіндей жеткілікті шолу мен көру деңгейінің қамтамасыз етілуі;
- адамның өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтіру қаупін болдырмайтын механизмдер мен қорғаныс бейімдемелерінің болуы;
- жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда жолаушылар мен жол жүрісіне өзге де қатысушылар үшін қауіп-қатерді барынша азайту.
Жүк тасымалдау және салмақ шектеулері
Көлік құралына белгіленген рұқсат етілген ең жоғары массадан асыра жүк тиеуге заң жүзінде тыйым салынады. Машинаның жалпы массасы тиелген жүкті қосқанда бекітілген нормадан аспауы керек.
Сонымен бірге тасымалданатын кез келген жүк мына қағидаларға сай орналастырылып, қажет болса мықтап бекітілуі қажет:
- адамдарға қауіп төндірмейтіндей және бөтеннің немесе мемлекеттің мүлкіне залал келтірмейтіндей болуы;
- көру мен шолуды шектемеуі, машинаның орнықтылығын бұзбауы және оны басқаруды қиындатпауы;
- тоқтау сигналы мен бұрылу нұсқағыштарын, жарық шағылыстырғыштарды, мемлекеттік нөмірлер мен елдің айырым белгілерін немесе қолмен берілетін белгілерді көлегейлемеуі;
- жолда өзгелерге алдын алуға болатын орынсыз қолайсыздық тудырмауы тиіс.
Конструкцияны өзгерту және экологиялық нормалар
Көлікті қайта жабдықтау немесе оның құрамдас бөліктеріне өз бетінше түзету енгізу еркін процесс емес. Егер тіркелген көлік құралының конструкциясына, оның қауіпсіздігіне әсер ететін бөлшектеріне, қосалқы жабдықтары мен керек-жарақтарына қандай да бір өзгеріс енгізілсе, Қазақстанның техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сай сәйкестікті қайта растау рәсімінен өту міндетті.
Бұдан бөлек, көлік құралдарын пайдаланған кезде олардың қоршаған ортаға шығаратын қалдықтары мен шығарындылары экологиялық техникалық регламенттерде көрсетілген шекті мөлшерден аспауы шарт.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі