Жол-көлік оқиғасы орын алғанда зардап шеккен тарап пен көлік иесі үшін ең маңызды мәселе — сақтандыру төлемін кедергісіз әрі толық көлемде алу. Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы сақтандыру төлемін жүзеге асыру тәртібін, қажетті құжаттар тізбесін және сақтандыру компаниясының шектеулерін нақты айқындап берген.
Сақтандыру төлемін кімдер және қалай талап ете алады?
Заң бойынша төлемді сақтанушы (сақтандырылушы) немесе тікелей пайда алушы болып табылатын тұлға талап ете алады. Пайда алушы ретінде денсаулығына не мүлкіне зиян келтірілген жәбірленуші, ал жәбірленуші қайтыс болған жағдайда заң бойынша зиянды өтеттіруге құқылы адамдар танылады. Егер мүлікке зақым келсе, оның меншік иесі пайда алушы мәртебесіне ие болады. Сондай-ақ жәбірленушіге келтірілген зиянды сақтандырушының жауапкершілік көлемі шегінде өз қалтасынан өтеп берген сақтанушы да төлемді талап ету құқығын алады.
Өтініш беруші өз талабын жазбаша түрде немесе сақтандырушының ресми интернет-ресурсы арқылы электрондық форматта жолдауға құқылы. Өтініште тұрғылықты жер, байланыс телефондары, қажет болса банктік деректемелер және төлемді алу тәсілі (қолма-қол ақша немесе банктік шотқа аудару) көрсетіледі.
Өтінішке қоса берілетін құжаттар және заңдық кепілдіктер
Сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін мынадай негізгі құжаттар ұсынылады:
- сақтандыру жағдайының орын алғанын және келтірілген зиянның мөлшерін растайтын құжаттар;
- өмірге не денсаулыққа зиян келгенде — еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі туралы не мүгедектік белгілеу жөніндегі анықтаманың көшірмесі;
- жәбірленуші қайтыс болған ретте — куәліктің көшірмесі немесе тиісті хабарлама;
- пайда алушының зиянды өтеттіру құқығын растайтын құжат және оның жеке басын куәландыратын құжат (заңды тұлға өкілі үшін сенімхат түпнұсқасы);
- заңда көзделген жағдайда зиянның көлемін айқындау туралы өтініш және шығынды азайту мақсатында шеккен шығыстарды растайтын чектер мен құжаттар (бар болса).
Заң өтініш берушілерді артық қағазбастылықтан қорғайды: егер құжаттар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде электрондық нысанда қолжетімді болса, сақтандырушы олардың қағаз нұсқасын немесе өзге де қосымша құжаттарды талап етуге құқылы емес.
Құжаттар қабылданған соң компания барлық құжаттардың тізбесі мен күні жазылған екі дана анықтама толтырады. Оның бір данасы өтініш берушінің қолына беріледі немесе өтініш онлайн жіберілсе, электронды түрде жолданады.
Төлем жасаудың өзге де маңызды шарттары
Зардап шеккен азаматтың жазбаша өтініші немесе нотариалды сенімхаты негізінде сақтандыру өтемақысы тікелей көлікті жөндеген сервиске немесе медициналық көмек көрсеткен ұйымға аударылуы мүмкін.
Егер адамның денсаулығына зиян келмеген болса, сақтандырушы төлемді ішкі істер органдары берген оқиға схемасы бар жол жүрісі қағидаларының бұзылғаны туралы хаттама негізінде жүзеге асыруға хақылы. Сонымен қатар, егер компания көліктің апат күнгі толық нарықтық құнын өтеп берсе, онда зақымдалған мүлікті не оның қалдықтарын иеленуге құқық алады.
Ең бастысы — сақтандыру төлемін жасаған кезде компанияның азаматтан болашақта қосымша талап қою құқығын шектейтін қандай да бір шарттарды қабылдауын талап етуіне заң жүзінде қатаң тыйым салынған.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі