Азаматтар мұра ресімдеу, мүлікті сату немесе сенімхат беру кезінде нотариусқа жүгініп, өз құқықтары мен маңызды құжаттарын сенеді. Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңының 18-бабында нотариустың қызметі мен жауапкершілігін реттейтін негізгі міндеттер нақты бекітілген. Бұл талаптар мамандардың өз міндетін адал атқаруын және азаматтардың заңды мүдделері сенімді қорғалуын қамтамасыз етеді.
Азаматтардың құқығын қорғау және түсіндіру
Нотариустың ең басты міндеттерінің бірі — қызмет алушыға оның құқықтары мен міндеттерін егжей-тегжейлі түсіндіру. Азаматтар заң талаптарын білмеуінің салдарынан өзіне зиян тигізіп алмауы үшін, маман жасалатын нотариаттық іс-әрекеттің заңдық нәтижесін алдын ала ескертуге міндетті.
Сонымен бірге, нотариус өз қызметінде заңнама талаптарына қайшы келетін іс-әрекеттерді жасаудан бас тартуы тиіс. Егер ұсынылған келісім немесе құжат заңға сай келмесе, маман оны бекітуге құқылы емес.
Құпиялылық және цифрлық жүйемен жұмыс істеу
Кәсіптік қызмет барысында мәлім болған барлық ақпаратты құпия сақтау — нотариустың тікелей міндеті. Бұл қағида жеке өмір мен мүліктік мәліметтердің жария болмауына кепілдік береді.
Цифрландыру талаптарына сәйкес, нотариус келесі әрекеттерді орындауға тиіс:
- жасалған нотариаттық іс-әрекеттер туралы мәліметтерді бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйеге дер кезінде енгізу;
- цифрлық жүйемен жұмыс істеу кезінде цифрлық заңнама талаптарын қатаң сақтау;
- жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге және электрондық тіркеуге байланысты әрекеттерді заң бойынша жүзеге асыру.
Есептілік және ұйымдастырушылық талаптар
Заң нотариустың мемлекеттік органдармен және кәсіби қоғамдастықпен өзара іс-қимылын да реттейді. Ол жеке тұлғалардың мәмілелері мен шарттары туралы мәліметтерді белгіленген мерзімде мемлекеттік кіріс органдарына беріп отыруы керек. Сондай-ақ қызметіне шағым түскен жағдайда әділет органдарына немесе нотариаттық палатаға құжаттар мен ресми түсініктеме беруге міндетті.
Егер нотариустың аты-жөні немесе кеңсесінің орналасқан жері өзгерсе, бұл туралы бір ай ішінде аумақтық әділет органына хабарлау қажет. Ал бір ай бойы нотариаттық қызметін жүзеге асырмаса, бес жұмыс күні ішінде тиісті әділет органы мен нотариаттық палатаға мәлімдейді. Лицензиясы тоқтатыла тұрғанда немесе біржола тоқтатылған жағдайда мөрі мен архивтік құжаттарын заңда бекітілген тәртіппен өткізеді.
Бұдан бөлек, әрбір маман кәсіптік әдепті қатаң сақтап, кәсіби біліктілігін ұдайы арттырып отыруға міндетті.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі