Акционерлік қоғамның акциялары бойынша дивидендтер — инвестордың салған қаржысынан алатын тікелей кірісі. Алайда дивиденд алу автоматты түрде жүзеге аспайды: оны төлеу, есептеу және шектеу тәртібі заңмен нақты реттелген.
Шешім қалай қабылданады және төлем түрі қандай?
Артықшылықты акцияларды қоспағанда, дивиденд төлеу туралы шешімді акционерлердің жалпы жиналысы қабылдайды. Ол үшін дауыс беретін акциялардың жай көпшілік дауысы жеткілікті. Дивидендтердің қаншалықты жиі төленетіні қоғамның жарғысында немесе акциялар шығарылымының проспектісінде нақты көрсетіледі.
Төлем екі түрлі нысанда жүргізілуі мүмкін:
- Ақшалай қаражатпен;
- Қоғамның бағалы қағаздарымен. Мұндай төлемге акционердің жазбаша келісімі болғанда ғана және тек қоғамның жарияланған акцияларымен немесе ол шығарған облигацияларымен рұқсат етіледі.
Маңызды ескерту: артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді бағалы қағаздармен өтеуге заң жүзінде үзілді-кесілді тыйым салынған. Сонымен қатар төлемдер компанияның өз есебінен жалданатын төлем агенті арқылы да таратылуы мүмкін.
Дивиденд алу құқығы кімге беріледі?
Дивиденд алуға құқылы акционерлердің тізімі төлем басталатын күннің тура алдындағы күні жасалады. Егер акциялар бойынша бұрын есептелген, бірақ әлі төленбеген дивидендтер бола тұра олар басқа тұлғаға сатылса немесе өзгедей иеліктен шығарылса, бұл дивидендтерді алу құқығы жаңа иесіне өтеді. Бұл ереже заңда немесе акцияны сату-сатып алу шартында өзгеше көрсетілмеген жағдайда қолданылады.
Қай кезде дивиденд есептелмейді және төленбейді?
Заңда акционерлерге дивиденд есептеуге тікелей шектеу қойылатын нақты жағдайлар белгіленген:
- Қоғамның орналастырылмаған немесе өзi қайтарып сатып алған акцияларына дивиденд есептелмейді әрі төленбейді.
- Сот немесе акционерлердің жалпы жиналысы қоғамды тарату туралы шешiм қабылдағанда төлемдер тоқтатылады.
- Қоғамның өз капиталы теріс мөлшерде болса немесе дивиденд есептеу салдарынан капитал теріс мәнге айналатын болса, есептеуге жол берілмейді.
- Оңалту және банкроттық заңнамасына сай төлем қабiлетсiздiгi мен дәрменсiздiк белгiлерi анықталса не дивиденд төлеу осындай қаржылық күйреуге әкеп соқтыратын болса, төлемдер бұғатталады.
- Банктер, сақтандыру қызметі және бағалы қағаздар нарығы туралы заңдарда көзделген арнайы жағдайларда дивиденд есептелмейді.
- Акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивиденд бөлмейді.
Төлем кешіктірілсе, акционер құқығы қалай қорғалады?
Егер компания жоғарыда аталған шектеулерге тап болмаса, акционер жиналып қалған қарыздың пайда болу мерзіміне қарамастан өзіне тиесілі дивидендті кез келген уақытта талап етуге құқылы.
Дивиденд белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда, акционер негізгі борышпен бірге өсімпұл талап ете алады. Бұл өсімпұл міндеттеме орындалған күнге бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі негізінде есептеледі.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі