Жұмыстан шеттету — қызметкерді еңбек шартын бұзбай, белгілі бір себептер жойылғанға дейін уақытша еңбек міндеттерін орындауға жібермеу шарасы. Бұл шешім жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың актісімен ғана ресімделеді және қолданылу мән-жайына қарай міндетті немесе ерікті сипатта болады.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі бойынша, бұл талап кәсіпорынның өз жұмыскерлеріне де, белгілі бір келісім негізінде келген жіберуші тараптың қызметкерлеріне де бірдей жүреді.
Жұмыс беруші қай жағдайда қызметкерді шеттетуге міндетті?
Заңда көзделген жағдайларда тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар акт шығарса, жұмыс беруші қызметкерді дереу жұмыстан шеттетуге міндетті. Мұндай нұсқаулардан бөлек, мынадай жағдайлар анықталған кезде басшылық өз бастамасымен жұмысқа жібермеу шарасын қабылдауы шарт:
- қызметкер жұмыс орнында алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде болса, сондай-ақ жұмыс күні ішінде осындай заттарды пайдаланса;
- еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау не өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша емтихандар тапсырмаса;
- жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап берген жеке немесе ұжымдық қорғаныш құралдарын қолданбаса;
- заң бойынша міндетті саналатын медициналық қарап-тексеруден немесе ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтпесе;
- еңбек шартында көрсетілген міндетті орындауға қажетті көлік жүргізу құқығынан не өзге де ресми рұқсаттардан айырылса;
- қызметкердің әрекеті немесе әрекетсіздігі өзінің және өзге адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, өндірістік жарақатқа, апатқа, өрт не көлік қауіпсіздігі қағидаларының бұзылуына әкеп соқса немесе соғуы мүмкін болса.
Материалдық жауапты тұлғаны шеттету құқығы
Еңбек заңнамасында жұмыс берушінің қызметкерді өз қалауы бойынша шеттетуге құқық беретін жеке жағдай қарастырылған. Егер қызметкермен толық материалдық жауаптылық туралы жазбаша шарт жасалған болса және ол өзіне сеніп тапсырылған мүліктің немесе өзге құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпесе, жұмыс беруші оны қызметінен шеттетуге құқылы.
Шеттету кезеңінде жалақы мен жәрдемақы төлене ме?
Қызметкер жұмыстан шеттетілген уақытта оған жалақы есептелмейді. Сонымен қатар, аталған кезеңде еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы да жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың есебінен төленбейді.
Шеттету мерзімі себептер толық анықталғанға немесе кемшіліктер жойылғанға дейін созылады. Егер жұмыстан шеттету заңсыз деп танылса, жұмыскердің бұл кезеңдегі жалақысы, еңбекке уақытша жарамсыздық жәрдемақысы және нормативтік құқықтық актілерде, ұжымдық не еңбек шарттарында көзделген өзге де тиесілі төлемдері толық көлемде сақталады және өтеледі.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі