Азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе оған сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс жүргізу қозғалған сәттен бастап борышкердің де, оның кредиторларының да құқықтық жағдайы түбегейлі өзгереді. Сот ұйғарымы шыққан күннен бастап қарызды мәжбүрлеп өндіру тоқтатылып, іс арнайы заң шеңберінде қаралатын кезең басталады.
Кредиторлар үшін қандай тыйымдар мен талаптар енгізіледі?
Іс қозғалған күннен бастап борышкердің арызында көрсетілген барлық борыштық міндеттемелерінің мерзімі өткен болып есептеледі. Бұл ретте кредиторлар тарапынан туындайтын қысымға заң жүзінде бірқатар шектеу қойылады:
- Арызда көрсетілген несие берушілерге қарызды өтеуді дербес талап етуге және борышкердің банк шоттарынан ақша өндіріп алуға немесе мүлкіне өндіріп алу шарасын қолдануға тыйым салынады;
- Берешектің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын, яғни айыппұлдар мен өсімпұлдарды, сондай-ақ сыйақыны қосымша есепке жазу тоқтатылады;
- Банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер тарапынан берешекті реттеу мен өндіріп алу бойынша заңда көзделген шараларды жүзеге асыру тоқтатылады;
- Борышкердің мүлкіне қатысты атқарушылық құжаттардың орындалуы және оның мүліктік міндеттемелерін орындауды міндеттейтін өзге де шешімдердің атқарылуы тоқтатыла тұрады.
Кредиторлар борышкердің мүлкі туралы мәліметтерді мемлекеттік органдар мен тиісті ұйымдардан еркін алуға құқылы — бұған борышкердің келісімі берілген болып саналады.
Борышкерге жүктелетін шектеулер мен міндеттер
Сот арқылы рәсім басталған соң борышкер де өз қалауынша әрекет ете алмайды. Ең алдымен, оған ломбардтардан микрокредит алуды қоспағанда, өзіне жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелер алуға қатаң тыйым салынады.
Сонымен қатар, азаматтың Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығуына шектеу қойылады. Бұл тыйымнан тек үш жағдайда ғана ауытқуға болады: шетелге емделуге бару, жақын туысын емдеуге алып жүру немесе жақын туысының жерлеу рәсіміне қатысу қажет болғанда.
Алимент және үшінші тұлғалардың кепілдігі
Заң жалпы ережелер қолданылмайтын маңызды тұстарды да нақты белгілейді. Атап айтқанда, мерзімдердің өтуі, өндіріп алуға немесе талап қоюға тыйым салу, сыйақы мен айыппұлдарды тоқтату, сондай-ақ атқарушылық әрекеттерді тоқтата тұру қағидалары алименттерге және өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарға қолданылмайды. Бұл міндеттемелер бойынша өндіріс тоқтамайды.
Тағы бір басты мәселе — кепілгерлер мен кепіл берушілердің жауапкершілігі. Егер қарыз үшінші тұлғалардың кепілдігімен немесе мүлкімен қамтамасыз етілген болса, негізгі борышкерге қатысты сот ісінің қозғалуы кредитордың кепілгерге соттан тыс тәртіппен талап қоюына кедергі келтірмейді. Демек, негізгі қарыз алушы банкроттық рәсіміне өткенімен, оның кепілгерлері кредитор алдындағы міндеттемесінен автоматты түрде босатылмайды.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі