Мұрагерлердің бірі мұрадан бас тартса немесе заңда көрсетілген мән-жайлар бойынша мұрагерліктен шығып қалса, оған тиесілі болуға тиіс үлес далада қалмайды. Мұндай жағдайда азаматтық заңнама бойынша мұралық үлестердің үстелуі ережесі іске қосылып, босаған үлес өзге мұрагерлер арасында қайта бөлінеді.
Бұл тәртіп өсиет бойынша да, заң бойынша мұрагерлік рәсімде де қолданылады. Дегенмен заңда үлесті автоматты түрде қосып бөлуге жол бермейтін нақты ерекшеліктер бар.
Заң бойынша мұрагерлікте үлестің бөліну тәртібі
Егер мұрагерлік заң бойынша жүзеге асырылып жатса және мұрагерлердің бірі мұрадан бас тартса немесе белгілі бір себеппен қатардан шығып қалса, оның үлесі сол кезекте шақырылған басқа заң бойынша мұрагерлерге өтеді. Босаған мүлік үлесі олардың арасында бұрыннан белгіленген мұралық үлестеріне бара-бар, яғни теңдей немесе тиісті пропорциямен бөлінеді.
Мысалы, бірнеше азамат бірдей құқықпен мұра алуға шақырылып, олардың бірі үлесінен өз еркімен бас тартса, қалғандарының бастапқы үлесі көбейеді. Бұл мұра қалдырушының мүлкін туыстық немесе заңды кезек бойынша әділ үлестіруге мүмкіндік береді.
Барлық мүлік өсиет етілгендегі үстелу қағидасы
Мұра қалдырушы өзінің барлық мүлкін нақты тағайындалған мұрагерлерге өсиет етіп қалдырған жағдайда да осыған ұқсас ереже қолданылады. Егер өсиетте аталған азаматтардың бірі мұрадан бас тартса немесе шығып қалса, оның бөлiгi өсиет бойынша қалған басқа мұрагерлерге тиесілі болады.
Мұндай үлес өсиетте өзгеше шарт көзделмеген болса ғана, қалған мұрагерлердің арасында олардың белгіленген үлестеріне бара-бар бөлінеді. Яғни өсиет қалдырушының бастапқы еркі мүлде өзгермей, мүлік тек өсиетте көрсетілген басқа тұлғалардың арасында көбейе түседі.
Мұралық үлестер қай кезде үстелмейді?
Заңда мұралық үлестердің үстелуі ережесі жүрмейтін нақты үш жағдай бекітілген:
- Қосымша мұрагер тағайындалса: мұра қалдырушы бас тартқан немесе шығып қалған мұрагердің орнына басқа мұрагерді алдын ала қосымша белгілеп қойған болса;
- Нақты тұлғаның пайдасына бас тарту: мұрагер мұрадан жалпы емес, белгілі бір нақты тұлғаның пайдасына бас тартқан кезде;
- Келесі кезектегі мұрагерлерге құқық көшуі: заң бойынша мұрагерлік кезінде мұрагердің бас тартуы немесе шығып қалуы келесі кезектегі мұрагерлерді мұрагерлікке шақыруға әкеп соқса.
Аталған жағдайлар орын алса, босаған үлес барлық мұрагерге бара-бар бөлінбейді, тікелей тағайындалған қосымша мұрагерге, нақты көрсетілген адамға немесе заң талабына сай келесі кезектегі мұрагерлер тобына өтеді.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі