Негізгі мазмұнға өту

Төрелік талқылаудағы тараптардың құқықтары

Төрелік сотқа жүгінгенде немесе оған жауапкер ретінде шақырылғанда қатысушының процестік құралдары заңмен нақты бекітіледі. «Төрелік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабы төрелік талқылауға қатысушылардың өз мүддесін тең дәрежеде қорғауына кепілдік беретін негізгі құқықтарын айқындайды.

Дәлелдеу және процеске қатысу құқықтары

Төрелік талқылау барысында тараптар пассивті бақылаушы емес, істің мән-жайын ашуға толық құқылы қатысушы саналады. Осыған орай, тараптар іс материалдарымен толық танысып, олардан көшірмелер алуға және өз дәлелдемелерін ұсынуға құқылы. Бұл құжаттар мен айғақтарды алдын ала саралап, қорғану тактикасын құруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар әрбір қатысушы процесс барысында туындайтын кез келген мәселелер бойынша өз уәждерін ортаға сала алады. Тараптарға процеске қатысушыларға сұрақтар қою, ауызша немесе жазбаша түсініктемелер беру құқығы берілген. Қарсы тарап ұсынған өтініштер мен дәлелдерге қарсылық білдіру тетігі де осы бапта бекітілген.

Төрешілердің бейтараптығын бақылау және хаттама

Төрелік рәсімнің әділ өтуі сот құрамының бейтараптығына тікелей байланысты. Сондықтан заң бойынша қатысушылар өтініш білдіруге және күмән туындаған жағдайда төрешілерден бас тартуға (отвод жариялауға) құқылы.

Сондай-ақ отырыс барысының дұрыс тіркелуін қадағалау маңызды. Тараптар төрелік отырыстың хаттамасымен танысуға және ондағы сәйкессіздіктер немесе толық жазылмаған мәйттер бойынша жазбаша түрде ескертулер беруге толық құқылы.

Дауды бітіммен аяқтау және шешімнің салдары

Төрелік іс жүргізу міндетті түрде төрешілердің біржақты шешімімен аяқталуға тиіс емес. Заң тараптардың ерік-жігеріне жол беріп, істі бітімгершілік келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтау құқығын қамтамасыз етеді. Бұл іскерлік әріптестікті сақтап қалуға жол ашатын тиімді құрал.

Егер іс бойынша шешім шығарылса, тараптардың құқықтық әрекеттері тоқтамайды. Заң бойынша мынадай мүмкіндіктер бар:

  • шешім өз пайдасына шыққан тарап Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот алдында төрелік шешімін мәжбүрлеп орындату туралы өтініш бере алады;
  • Заңда белгіленген жағдайлар орын алса, тарап төрелік шешімін бұзу туралы өтініш білдіруге құқылы.

Төрелік талқылаудағы процестік құқықтарды білу және оларды өз уақытында қолдану бизнес субъектілері мен азаматтарға өз позициясын дәлелдеп, құқықтық тәуекелдерді барынша азайтуға көмектеседі.

Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі

Кілтсөздер