Мұра ресімдеу, мүліктік мәмілелерді бекіту немесе сенімхат беру кезінде азаматтар нотариусқа толық сенеді. Алайда құжатты куәландыру барысында қателік кетсе немесе заң талаптары бұзылса, оның құқықтық салдары кімнің мойнына жүктеледі? «Нотариат туралы» Заңның 24-бабында нотариустар мен нотариаттық іс-әрекеттер жасауға уәкілетті лауазымды адамдардың жауапкершілік шегі нақты айқындалған.
Заңсыз әрекет үшін қарастырылған жауапкершілік түрлері
Нотариус пен арнайы уәкілетті лауазымды адамдар өз міндетін атқару барысында заңсыз әрекетке жол берсе, дербес жауап береді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұзушылықтың сипаты мен ауырлығына қарай мынадай жауапкершілік түрлері қарастырылған:
- Қылмыстық жауапкершілік — қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған аса өрескел заңсыз әрекеттер бойынша;
- Әкімшілік жауапкершілік — белгіленген әкімшілік құқық нормаларын бұзғаны үшін;
- Материалдық жауапкершілік — азаматтарға немесе ұйымдарға келтірілген нақты шығын мен залалды өтеу міндеті;
- Тәртіптік және өзге де жауапкершілік — кәсіби талаптарды орындамау немесе тиісінше орындамау салдарынан туындайтын шаралар.
Нотариаттық палатаның бақылауы және кәсіптік әдеп
Жеке практикамен айналысатын нотариустардың қызметі тек заң талаптарымен ғана емес, кәсіби этика қағидаларымен де шектеледі. Егер жекеше нотариус өзінің кәсіптік міндеттерін тиісінше атқармаса немесе белгіленген әдеп нормаларын бұзса, оны жауапқа тарту құзыреті нотариаттық палатаға жүктеледі.
Палата мәселені Қазақстан Республикасының заңнамасына және Нотариустың әдеп кодексіне сәйкес қарайды. Бұл тетік нотариаттық қызметтің сапасын қадағалауға және азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді.
Келтірілген залалды мемлекет өтей ме?
Көптеген азаматтар нотариус куәландырған құжаттан қате шығып, шығынға ұшыраса, мемлекеттен өтемақы талап етуге болады деп жаңсақ ойлайды. Алайда заңның 24-бабының 3-тармағы бұл мәселенің аражігін ашық ажыратып береді: жекеше нотариустың нотариаттық іс-әрекеттерді жасауы салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалға мемлекет жауапты болмайды.
Демек, жеке практикамен айналысатын маманның заңсыз әрекетінен мүліктік немесе қаржылық шығын көрген тарап залалды өндіру талабын мемлекеттік органдарға емес, сол әрекетті тікелей жасаған нотариустың өзіне қоюы қажет.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі