Еңбек міндеттерін атқару кезінде қызметкер жарақат алып немесе денсаулығына зақым келсе, жұмыс беруші заң бойынша материалдық жауапкершілік арқалайды. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 122-бабына сәйкес, кәсіпорын өндірісте орын алған залалды Қазақстан заңнамасында көзделген көлем мен тәртіпке сай толық немесе ішінара өтеуге міндетті.
Сақтандыру төлемі болмағанда немесе жетпеген жағдайдағы тәртіп
Заң жұмыскердің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу кезінде сақтандырудың бар-жоғына баса назар аударады. Егер қызметкерге сақтандыру төлемдері қарастырылмаған болса, келтірілген зиянды жұмыс беруші өз қаражатынан толық көлемде өтейді.
Ал егер жұмыскер сақтандыру төлемін алған болса, бірақ бұл сома нақты шығынды жабуға жетпесе, қалған айырманы жұмыс беруші толықтыруы тиіс. Яғни, жұмыс беруші сақтандыру сомасы мен зиянның нақты мөлшері арасындағы айырманы өз қалтасынан өтеуге міндеттеледі.
Еңбекке қабілеттіліктен 5-тен 29 пайызға дейін айырылу кезіндегі төлем
Еңбек кодексінде қызметкер кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен 5 пайыздан 29 пайызға дейін (қоса алғанда) айырылған жағдайларға нақты ережелер бекітілген. Бұл ретте жұмыс беруші мынадай екі түрлі төлемді мойнына алады:
- жұмыскердің жоғалтқан табысын өтеу;
- денсаулықтың зақымдануынан туындаған нақты шығыстарды төлеу.
Мұндай жағдайда денсаулықты қалпына келтіруге байланысты шығыстарға заңдық шектеу қойылған. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі белгіленген кезеңде жұмыс беруші өтейтін шығын сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 250 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспауы шарт.
Шығыстарды құжатпен растау және өтелмейтін көмек түрлері
Денсаулыққа тиген зақымды өтету үшін шығындардың негізділігі дәлелденуі керек. Төлемдерді алу үшін осы шығындарды нақты шеккен қызметкер немесе өзге тұлға тиісті растаушы құжаттарды өткізуге міндетті.
Сонымен бірге, барлық медициналық қызметтің құны жұмыс берушіге жүктелмейді. Мемлекет тарапынан ұсынылатын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілген қызмет шығындары өтелмейді. Өйткені бұл көмек түрлері онсыз да мемлекеттік жүйе есебінен тегін ұсынылады.
Өндірісте немесе қызметтік міндетті орындау кезінде зардап шеккен қызметкерлер үшін осы өтемақыларды талап ету барысында ем-домға жұмсалған әрбір төлемнің құжатын мұқият сақтау практикалық тұрғыдан аса маңызды.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі