Құрылыс нысанындағы өрескел заңбұзушылық адам өміріне, денсаулығына немесе қоршаған ортаға қауіп төндірсе, мемлекеттік бақылау органдары дереу қатаң шектеу қоя алады. Мұндай жағдайда сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті органдар жедел ден қою шараларын қолданады.
Шаралар қашан және қандай негізде енгізіледі?
Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың және облыстардың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік бақылау жүргізу барысында немесе оның нәтижесі бойынша ықпал ету шараларын тағайындайды. Бұған адамдардың өмірі мен денсаулығына, азаматтар мен ұйымдардың заңды мүдделеріне, қоршаған ортаға немесе ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін әрекеттер негіз болады.
Мұндай шектеулер тексеру кезінде, сондай-ақ нысанға бару арқылы немесе бармай жүргізілетін профилактикалық бақылау нәтижесінде белгіленеді. Сонымен қатар заң талаптарының бұзылуы мен бекітілген жобалық шешімдерден ауытқу фактілері «бір терезе» қағидаты бойынша құрылыс жүргізуге арналған цифрлық жүйе арқылы анықталса да, жедел ден қою тетіктері іске қосылады.
Қолданылатын жедел ден қою шараларының түрлері
Заңнамада мемлекеттік бақылау субъектілері мен объектілеріне қолданылатын нақты шектеу түрлері белгіленген:
- құрылысты тоқтата тұру;
- қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру;
- сәулет, қала құрылысы және құрылыс заңнамасын немесе мемлекеттік нормативтік құжаттарды бұза отырып жүргізіліп жатқан құрылысқа (не оның түрлеріне) тыйым салу;
- рұқсаттың және оған қосымшаның қолданысын тоқтата тұру;
- рұқсаттан немесе оған қосымшадан айыру (кері қайтарып алу).
Қаулыны ресімдеу және табыс ету тәртібі
Бұзушылық анықталған кезде уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулы шығарылады. Егер тексеру автоматтандырылған тізілім арқылы жүргізілсе, қаулы автоматты режимде жасалып, нәтижелер туралы акт бөлек ресімделмейді.
Субъект қаулыны қолма-қол алудан бас тартса, бұл факт бейнежазбаға түсіріліп, құжатқа тиісті белгі қойылады. Осыдан кейін қаулы ұйымның заңды мекенжайына немесе нақты орналасқан жеріне тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберіледі. Құжатты алудан саналы түрде бас тарту оны орындамауға құқық бермейді.
Бұзушылықты жою және шараның күшін жою
Құрылыс жүргізуші субъект нұсқамада немесе қорытындыда белгіленген мерзімде кемшіліктерді міндетті түрде жоюға тиіс. Ол мерзім аяқталғанға дейін қателіктердің түзетілгенін дәлелдейтін материалдарды мемлекеттік органға ресми түрде жолдауы қажет.
Берілген мәліметтерден соң немесе мерзім өткеннен кейін бұзушылықтардың жойылғанын тексеру үшін жоспардан тыс тексеру тағайындалады. Егер жоспардан тыс тексеру актісі кемшіліктердің толық түзетілгенін растаса, жедел ден қою шаралары туралы қаулының қолданысы тоқтатылады. Ал талаптар орындалмаса, кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тарту шаралары қолданылады.
Қаулыға шағым жасау талаптары
Егер нысан иесі тексеру нәтижелерімен келіспесе, қаулыны жарамсыз деп тану және оның күшін жою үшін жоғары тұрған органға немесе сотқа шағым бере алады. Алайда шағым түсіру қаулының орындалуын тоқтатпайды.
Қаулының күшін жоюға шектеуді қолдануға негіздің болмауы, шараның мән-жайға сай келмеуі, органның өз құзыретінен асып кетуі немесе қабылдау рәсімінің бұзылуы негіз болады.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі