Сәулет жобасы немесе қала құрылысы тұжырымдамасы — жай ғана техникалық сызба емес, шығармашылық еңбектің жемісі. Заң бойынша мұндай туындыны жасаған жеке тұлға оның авторы деп танылып, оған тиісті құқықтар бекітіледі. Алайда жобаның іске асуы барысында автор мен тапсырыс берушінің немесе жұмыс берушінің мүдделері тоғысатындықтан, мүліктік өкілеттіктердің шекарасын нақты ажыратып алу маңызды.
Сәулет туындысы және автордың мүліктік құқықтары
Сәулет және қала құрылысы туындыларына деген авторлық құқық Құрылыс кодексімен, Азаматтық кодекспен және авторлық құқық саласындағы заңнамамен қорғалады. Бұл ретте мүліктік құқықтар тұтас сәулеттік жобаға, қала құрылысы жобасының тұжырымдамасына ғана емес, сонымен бірге құрылыс жобасының сәулеттік құрамдас бөлігіне де таралады.
Автордың мүліктік өкілеттігі бірнеше негізгі айрықша құқықтан тұрады:
- туындыны іске асыру мақсатында пайдалану немесе оны пайдалануға өзгеге рұқсат беру;
- жобаны жаңадан жасау, тарату және оны қайта өңдеуді жүзеге асыру немесе бұған келісім беру;
- айрықша құқықтарды заңда белгіленген тәртіппен басқа тұлғаларға табыстау.
Қызметтік тапсырмамен салынған жобалар
Көптеген сәулетшілер жобалау институттары мен компанияларда жалдамалы қызметкер ретінде еңбек етеді. Егер еңбек немесе қызметтік шартта өзгеше жағдай тікелей жазылмаса, қызметтік міндеттерді немесе жұмыс берушінің тапсырмасын орындау барысында жасалған сәулет туындысының мүліктік құқықтары авторға берілмейді.
Сол себепті жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісімшартта туындыны пайдалану жөніндегі мүліктік құқықтарды реттейтін нормалар алдын ала нақты жазылуға тиіс. Бұл тараптар арасындағы түсініспеушіліктің алдын алып, жобаның тағдырын айқындайды. Ал автордың жеке мүліктік емес құқықтары заң бойынша дербес қорғалады.
Авторлық сүйемелдеу және нысанды түсіру құқығы
Жоба авторы сызба жасаумен ғана шектелмейді, оның құрылыс барысына қатысуға заңды мүмкіндігі бар. Егер жобалау шартында басқаша көрсетілмесе, автор құрылыс, реконструкциялау, реставрациялау немесе жаңғырту барысында белгіленген тәртіппен авторлық сүйемелдеу жүргізе алады.
Сонымен қатар автор өз жобасының іске асуын фото немесе бейнетаспаға түсіруге құқылы. Мұндай түсірілімге тек екі жағдайда шектеу қойылады: егер бұл шартта тікелей шектелген болса немесе нысанда мемлекеттік құпияға жататын мәліметтер болса.
Мемлекеттік инвестиция есебінен әзірленген жобалар
Егер сәулет немесе қала құрылысы туындысы бюджет қаржысы, яғни мемлекеттік инвестициялар есебінен жасалса, мүліктік құқықтардың тәртібі өзгереді. Бұл жағдайда құқықтар сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға және мемлекеттік сараптама ұйымына тиесілі болады.
Бұл ереже құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін жасақтау, оны тұрақты жүргізу және мемлекет қаржысына әзірленген үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы қайта пайдалану үшін қажет.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі