Құрылыс сапасы ғимараттың іргетасы қаланған сәттен бастап пайдалану мерзімі аяқталғанға дейінгі қауіпсіздік пен сенімділікті қамтиды. Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі құрылыс нысандарының, пайдаланылатын материалдар мен бұйымдардың сапасына қатысты талаптарды нақты белгілеп, оны қамтамасыз етуді осы саланың барлық қатысушыларына жүктейді.
Құрылыс сапасы талаптары қандай нысандарға жүреді?
Заң талаптары көлемдік, жазықтық және желілік құрылысжайлардың, яғни ғимараттар мен олардың кешендерінің, құрылыстар мен коммуникациялардың барлық түріне қолданылады. Бұл реттеу тек қабырға тұрғызумен шектелмейді. Оған инженерлік және технологиялық жабдықтар, сондай-ақ жобалау, құрылыс жұмыстары және құрылыс материалдары мен конструкцияларын өндіру үдерістері толық кіреді.
Қауіпсіздік пен сапа қалай қамтамасыз етіледі?
Құрылыс нысанының талапқа сай болуы кешенді шаралар арқылы жүзеге асады. Олар өнімнің техникалық регламенттер мен стандарттау құжаттарына сай келуін қадағалаудан басталады. Саланың қауіпсіздік жүйесі мынадай тетіктерге негізделген:
- ұйымдарды лицензиялау және сала мамандарын сертификаттау;
- инвестициялар негіздемесіне сараптама жүргізу мен жобалау-сметалық құжаттаманы тексеру;
- мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы, техникалық қадағалау және авторлық сүйемелдеу;
- материалдар мен өнімдерді стандарттау, зертханаларды аккредиттеу, өнімді сертификаттау және жаңа технологияларды техникалық бағалау;
- жобалау мен құрылыстағы метрологиялық қызмет;
- нысандарды пайдалануға беру мен қабылдауды ұйымдастыру, құрылыс техникасын жетілдіру;
- нысандарды паспорттау, сондай-ақ қолданыстағы, консервацияланған немесе бітпеген құрылыстардың жай-күйін зерттеп-қарау.
Сапаның негізгі сипаттамалары және тараптардың міндеті
Нысанды салу, тоқтата тұру (консервациялау) немесе пайдалану кезінде меншік иелері, тапсырыс берушілер, жалдаушылар және мердігерлер нақты міндеттерді орындауға тиіс. Заң бойынша олар нысанның төрт басты сипаттамасын сақтауы қажет:
- салу және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік (жұмыстар жүргізу мен күтіп-ұстауды қоса алғанда);
- еңбекті қорғау талаптарына сәйкестік;
- жұмыс істеуінің орнықтылығы мен сенімділігі;
- экологиялық талаптарды сақтау.
Бұл сипаттамаларды сақтау міндеті тек құрылысшымен шектелмейді. Инженерлік ізденіс жүргізушілер, жобалаушылар, материал мен бұйым өндірушілер, жабдық жеткізушілер, қабылдап алушылар, тіпті кейін кәдеге жаратумен айналысатын барлық қатысушылар осы талаптарға жауапты.
Құрылыс сапасын қамтамасыз ететін субъектілер
Заң әрбір қатысушының өз құзыреті мен функциясы бойынша жауапкершілігін бекітеді. Олардың қатарына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүргізушілер, сараптама ұйымдары, сертификаттау органдары, тапсырыс берушілер, жобалаушылар, техникалық қадағалау мамандары, өнім өндірушілер мен берушілер, жұмыс жүргізуші мердігерлер және нысанның меншік иелері кіреді. Әр субъект өз сатысында норма талаптарын қатаң сақтағанда ғана қауіпсіз әрі берік нысан пайдалануға беріледі.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі